«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бері Алматы облысында 92 жобаны қаржыландыруға қол қойылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры» АҚ басқармасының мүшесі Қанат Сұлтанғазиев Алматы облысына келді.

«Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы ғимаратында оның және екінші деңгейдегі банктер, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыровтыңхабарлауынша, аймақта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы барлық бағыттар бойынша іске асырылуда, уақыт өте келе аумақтық жағынан кеңеюде, барлық дерлік аудандар мен қалалардың кәсіпкерлерін қамтуда. Іске қосылған кезінен бері бағдарлама айтарлықтай өзгерістерге ұшырады - бизнесті жүргізу дағдылары мен кәсіпкерлердің құзіреттерін дамыту бағыты құрылды, экономиканың басымдық секторларының тізімі кеңейді, «Даму» қорының кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі жағдайында кепілдендіру жүйесі енгізілді, жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлерді қолдау басталды.

Алматы облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуынан бері үш бағыт бойынша 92 жобаның қаражаттандырылуына қол қойылды, жалпы сомасы 54 млрд. теңгеге несиелік портфель қолдануда.