«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қолдау құралдары белсенді пайдаланылады - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы инвестициялық несиелерді субсидиялауға және кепілдендіруге 7 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Ағымдағы жылғы желтоқсанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға өңірлерге 7,2 млрд. теңге сомасына, 2016 жылы инвестициялық несиелерді субсидиялауға және кепілдендіруге - 7 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінетін болады», - деді министр.

Осы орайда ол бұл өз кезегінде экономикаға 202 млрд. теңге сомасына несиелерді тартуға, өнім өндіруді 418 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайтуға, кемінде 15 177 жұмыс орнын сақтауға және құруға, 50 млрд. теңге сомасында бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шағын және орта бизнеске несие беруді ұлғайту үшін 2016 жылы 65 млрд. теңге сомасына Халықаралық қаржы ұйымдарынан несие желілері тартылатын болады, оның ішінде Дүниежүзілік Банктен - 30 млрд. теңге, Азия Даму Банкінен - 30 млрд. теңге, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен - 5 млрд. теңге.

«Макроөңірлерді дамытудың инвестициялық бағдарламаларын тиімді іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қолдау құралдары белсенді пайдаланылатын болады»,-деді Е. Досаев.