Осыған орай, аталмыш ЖОО-да өткен тұсаукесер шараға облыс әкімінің кеңесшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, соғыс және еңбек ардагері, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы Бисен Жұмағалиев және тыл ардагері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Әмірхан Қарасаев арнайы шақырылды.
Университет ректоры, ғылым докторы, профессор Қазыбай Бозымовтың атап өткеніндей, Орал қаласында ауыл шаруашылығы институтының ашылуына қос ардагер себепкер болған.
Жиын барысында соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев университет ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, оқу ордасының құрылу тарихына тоқталды. «Ауыл шаруашылығы институтын Оралдан ашу жөнінде ұсыныс жасалғанда, батыстағы облыстар арасында пікірталас болды. Соның ішінде Ақтөбе қаласы өлке орталығы болғандықтан, сөзі өтімділеу еді. Дегенмен, жергілікті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және Қазақ ССР-нің Министрлер кеңесі Орал өңірі байырғы өлке екенін, табиғаты мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қолайлы және ғылыми ортасы дамығандығын ескерді. Педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуге келеді деп шешім қабылдады», деді ардагер.
Сонымен қатар бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Әмірхан Қарасаев сөз сөйлеп, білім ордасында бастаған өмір және еңбек жолы, қызметі жайында айтып өтті.
Университет жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Әскерғали Шамғонов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Сағыңдық Бисенов, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев қос ардагердің ұстаздық, азаматтық қадір-қасиеттерін ашып, университеттің тарихы жайында сыр шертті.
Кездесу соңында білім ордасының ректоры Қазыбай Қараұлы барша студенттердің және профессор-оқытушылар ұжымы атынан Бисен Жұмағалиұлы мен Әмірхан Әтенұлының иықтарына шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынып, қаржылай марапаттап, алғыс білдірді.
Кездесуге жиналғандар университеттің ғылыми кітапханасы дайындаған ардагерлердің фотосуреттері мен еңбектерінің көрмесін қызыға тамашалады.