ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметі облыс аумағына құжат бойынша шикі мұнай деп рәсімделген жол битумын Ресейден заңсыз жеткізудің жолын кесті.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 197-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі тергеу барысында бұған облыс тұрғынының қатысы бары анықталды. Орал қалалық сотының үкімімен ол айыпты деп танылып, 1 мың АЕК көлемінде айыппұл салынды. Тәркіленген, салмағы 48,324 тонна жүк (битум) мемлекет пайдасына жатқызылды.
Жыл басынан бері департаменттің экономикалық тергеулер қызметі 15 қылмыстық іс қозғаса, соның 8-і сотта қаралып, үкім шықты. Барлығы 220 тоннадан астам мұнай өнімдері заңсыз айналымнан алынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).