ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - 28 мамырда облыстық әділет департаментінде «Норма шығармашылығының кейбір мәселелері, проблемалары және оларды шешу жолдары туралы» тақырыбында семинар өтті.
Департамент бастығының орынбасары Галина Имашеваның атап өткеніндей, шараның мақсаты - жергілікті мемлекеттік басқару органдарында норма шығармашылығының сапасын көтеру. Ең бастысы, нормативтік-құқықтық актілер сапалы дайындалуы керек, оған қойылатын талапты күшейтпесе болмайды. Әдетте оны әзірлеген кезде кем-кетіктер кетіп жатады, жоба мүдделі ұйымдардың келісімінсіз дайындалады. Сондықтан норма шығармашылығына қатысы бар мемлекеттік қызметкерлермен мұндай семинар өткізудің, тәжірибе, пікір алмасудың артықтығы жоқ.
Семинарда департаменттің нормативтік-құқықтық актілер бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әсел Хакімова, Қазақ мемлекеттік заң университетінің өкілі Жанат Зинешева, Қазақстан аймақтық құқықтық ақпарат орталығы директорының орынбасары Алтынай Иманова сөз алып, өз ойларымен бөлісті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).