Облыс басшысы Хисметолла Ысқақұлының еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде ғылымда бұрын кездеспеген «Атырау елтірілі етті-майлы құйрықты қой» тұқымын және табиғаты қатал Батыс Қазақстан өңіріне төзімді қаракөл қойының асыл тұқымды түрлерін өмірге әкелудегі қажырлы еңбегіне жоғары баға берді. Жылы шырайлы кездесу барысында ғалымның әр кезеңдегі мал тұқымын асылдандыруға сіңірген теңдесі жоқ еңбегі мен жетістіктері әңгіме болды.
Ғалымның еңбек жолы өскелең ұрпаққа тамаша үлгі боларлық. Хисметолла Ысқақұлы Астрахан облысы Красный Яр ауданы Байбек ауылында туған. 1958 жылы Саратов зоотехникалық-ветеринария мемлекеттік институтын бітіріп, ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, бас зоотехнигі жұмыстарын атқарды.
1968-1971 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, 1971-1973 жылдары Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясы (ВАСХНИЛ) аспирантурасын бітірді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Ғалым Атырау облысының қазақ қаракөл қой шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты Батыс бөлімшесінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласындағы қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры және қаракөл ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры, Қаракөл институтының батыс тірек пунктінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры қызметтерін атқарды.
Өзі шығарған Атырау елтірілі етті-майлы құйрықты қой тұқымын өсіріп тарату мақсатында 1998 жылы Батыс Қазақстан облысында "Үкібай" шаруа қожалығын ұйымдастырды.
1982 жылы Хисметолла Үкібаевқа ғылым мен техника саласындағы Кеңестер одағының мемлекеттік сыйлығы берілген. Ал 2005 жылы академик Үкібаев Қазақстан Республикасының ғылым, техника, білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.