1960 жылдары лирикалық жырларымен әдебиет сүйер қауымға таныла бастаған ақынның поэзиядағы тұсауын кезінде қазақтың аса көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі кескен болатын.
А.Нәріковтың алғашқы тырнақалды кітабы 1970 жылы «Көк майса» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Содан бері өткен жылдар ішінде қаламгердің «Самал», «Сағыныш», «Жылдар жаңғырығы», «Мен майдангер ұлымын», т.б. барлығы 15 кітабы шықты.
Поэзия мен журналистика жанрларында қатар қалам сілтеген Айтқали Нәріков облыстық «Орал өңірі» газетінде тілші және облыстық телерадиокомпаниясында редактор болып, өңірдің қоғамдық тыныс-тіршілігіне, әдеби-мәдени салаға белсене араласты. Біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша уәкілі қызметін атқарды.
Зейнет демалысында жүрсе де, ақынның қаламы құрғаған жоқ. Азаматтық, махаббат, табиғат тақырыбында жазған лирикалық жырлары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып келеді.
- Бүгінгі облыс әкімінің қабылдауында менің шығармашылығым туралы тым жақсы әңгімелер айтылды. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының әдебиетке деген ықыласының зор екеніне көзім жетті. Өйткені мен ұлы ақын емеспін, соған қарамастан менің жырларымнан үзінді келтіріп, мен туралы Қадыр ақын айтқан сөздерінен үзінділер айтқанда, шынын айтсам, таңғалдым. Ақынды құрметтеген әкімге алғыстан басқа айтарым жоқ, - деді Айтқали Нәріков.