ОРАЛ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірге шығармашылық сапарымен келген белгілі ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) пен Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Елена Әбдіхалықованы қабылдады.
Кездесуде әдебиет пен өнердің дамуы туралы әңгіме өрбіді.
Иран-Ғайып - көптеген өлең кітаптарының авторы, сонымен қатар драматургия саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Оның пьесалары республика театрларында жиі қойылады. Соның ішінде «Махамбет» трагедиясы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының төлқұжаты іспеттес, әр маусым осы туындымен ашылады.
Айтыс өнерінде жарқ етіп көрінген Елена Әбдіхалықова халыққа кеңінен таралған «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» сынды әндер де жазды. Барлығы қырықтан астам әні бар ақын-композитор тарихи тақырыпта көлемді шығарма жазбақ ниетте.
«Батыс Қазақстанда өнер адамдарына, ақындарға облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетіледі екен. Біз соған көз жеткіздік», дейді меймандар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).