ОРАЛ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - 10 қыркүйекте облыс әкімдігінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс активіне жаңадан тағайындалған облыс әкімі аппаратының басшысы Жалғас Мырзағалиевті таныстырды.
- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және менің өкіміммен аталмыш лауазымға Жалғас Мырзағалиев тағайындалды. Жалғас Оңайбайұлы бұған дейін Орал қаласы әкімдігінде құрылыс бөлімінің бастығы, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенім білдіремін, - деді Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде.
Облыс басшысы басқа жұмысқа ауысуына орай Амангелді Медхатұлы Дәулетжановқа аппарат басшысы лауазымын атқарған жылдары облыс экономикасын дамытуға қосқан қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Нұрлан Асқарұлы бұдан соң облыс делегациясының жақында Ресейдің көршілес Волгоград облысына жасаған сапарының қорытындысы туралы айтып, алда өзара ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру мақсатында Саратов губерниясында болатынын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).