ОРАЛ. 18 маусым. ҚазАқпарат - 18 маусым күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ұлы Отан соғысының ардагері, «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Майра Мақатқызын тоқса жасқа толуына орай қабылдады.
Майра Мақатқызы - бұрынғы Тайпақ ауданының тумасы. Орта мектепті Орал қаласында бітірген ол соғыс жылдарында Оралға көшірілген Мәскеудің арнайы радистер даярлайтын мектебінде оқып, кейін Карелиядағы партизан жасағында әскери қызметін ойдағыдай атқарды. Жауынгерлік ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы ордені және көптеген медальдармен марапатталған. 1951 жылы Орал педагогикалық институтын бітірген ол көп жыл бойы Жәнібек және Теректі аудандарында ұстаз болып еңбек етті. 1967 жылдан бастап зейнеткер.
Ардагер анамен емен-жарқын әңгімелескен Н.Ноғаев кездесу соңында М.Мақатқызына алғысхат пен гүл шоғын табыс етті. Мерейтойымен құттықтап, берік денсаулық тіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).