ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласында №35 мектеп-лицейдегі соңғы қоңырау салтанатына қатысып, түлектерді құттықтады.
Облыс басшысының атап өткеніндей, аталмыш мектеп - өңірдегі маңдайалды білім ордаларының бірі. Жыл сайын мектеп шәкірттері халықаралық, республикалық байқауларда оза шауып, ҰБТ-да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл мектепті 61 түлек бітіргелі отырса, соның біреуі «Алтын белгіден», төртеуі үздік аттестаттан үміткер. Ендігі міндет - алда тұрған ҰБТ сынағында он бір жыл бойы алған білімдерінің жемісін көрсету, содан кейін қалаған мамандықтары бойынша түрлі оқу орындарына түсу. Ең бастысы, «Мәңгілік ел» болуды мақсат етіп отырған Қазақ елінің болашағы үшін тіршілікке кірпіш болып қаланып, аянбай еңбек ету болса керек.
Соңғы қоңырау салтанатында мектеп түлектері сөз алып, алтын ұяларына ыстық тілектерін арнады.
Еске сала кетейік, бүгін облыстың барлық мектептерінде кезекті оқу жылы аяқталып, 4518 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).