ОРАЛ. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Оралдағы «Жұлдыз» мейрамханасында Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне арнап дастархан жайылды.
Ардагерлерді құттықтауға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келді.
Облыс басшысы жиылғандарды Ұлы Жеңістің 67 жылдық мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі.
Дастархан басында ардагерлер емен-жарқын әңгімелесті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов қай уақытта да өздерінің басты мақсат-міндеті жастарды отаншылдық рухында тәрбиелеу екендігін жеткізді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мерекелік дастарханға 100-ден астам ардагер шақырылған. Мұнда игі тілектермен қатар әндер де айтылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).