БҚО әкімі өңір халқын Жаңа жылмен құттықтады

ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір халқын Жаңа жылмен құттықтады.

Онда: «Құрметті батысқазақстандықтар!

Жаңа 2014 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

2013 жыл еліміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің кезеңі болды деп айтуға болады, еліміздің тарихына алтын әріптермен жазуға тұрарлық жыл болып енді. Қазақстан экономикада еңселі биіктерді еңсеріп, әлемнің бәсекеге қабілетті ең серпінді дамыған 50 елінің қатарына қосылды.

Осы табыстарымыздың бәрі - Елбасының салиқалы саясатының жемісі.

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2013 жыл тарту еткен барлық жақсылық атаулы жарасымды жалғасын тапсын.

Жаңа жылды қашан да алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолымызға есеп беретін, келешек бағыт-бағдарымыз бен мақсат-міндеттерімізді белгілейтін, Үміт, Сенім мерекесі ретінде күтеміз.

Халқымызда «Ескi жыл есiркесiн, жаңа жыл жарылқасын» деген сөз бар. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан күтер үмiтiмiз де, тiлер тiлегiмiз де жетерлiк.

Елiмiзде тыныштық пен ынтымақ салтанат құрып, Тәуелсiздiгiмiз мәңгi болғай!

Жаңа жылдың атқан әр таңы сәтті болып, Сіздерге зор денсаулық пен бақыт сыйласын!

Игі тілекпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев» делінген.