БҚО активі әкімшілік реформа және ауыл әкімдерін сайлау мәселелерін талқылады

ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - 28 қаңтар күні «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының мәжіліс залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен облыс активінің жиналысы болып, онда әкімшілік реформа және ауыл әкімдерін сайлау мәселелері талқыланды.

Облыс басшысының атап өткеніндей, Елбасы тапсырмаларына сәйкес әкімшілік реформаның барынша тиімді жүзеге асырылуы айрықша маңызды. Бұл ретте биыл ауыл әкімдерін сайлау сынды аса жауапты міндет тұр.

Мемлекет басшысы 2005 жылы саяси реформаның жалпыұлттық бағдарламасын ұсынды.

Атқарушы билік орындарын орталықсыздандыру бағытында нақты қадамдар қолға алынып, әкімдерді сайлап қоюға жағдай жасалды. 2001 жылы тәжірибе ретінде ауыл әкімдері сайланды. Бұл іс 2005 жылы жалғасын тауып, аудан, қала әкімдері сайланды. Орталықсыздандыру орталықты әлсіздендіріп, өңірлерді күшті ету деген сөз емес. Халықтың билікке деген оң көзқарасын қалыптастыра отырып, Елбасы алға қойып отырған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру.

Қазіргі кезде өңірде әкімдердің тұрғындармен есептік кездесулері өткізілуде. Бұл мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне негіз қалауы тиіс. Ең басты мақсат атқарушы органдардың халықпен барынша тығыз жұмыс істеуінде.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Ол жергілікті мәселелерді ауылдық деңгейде шешуге мүмкіндік береді. Ауыл әкімдері қосымша өкілеттіліктерге ие болып, сол аумақта ықпал-беделі арта түсетін болады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша БҚО әкімі аппаратының басшысы Жалғас Мырзағалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин баяндама жасады. Сондай-ақ аудан, ауыл әкімдері сөз алып, пікір алысты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясында мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау туралы берген тапсырмасына сәйкес облыста осы мәселелерді халыққа түсіндіруге және жүзеге асыруға байланысты шаралар қолға алынады.