БҚО аудандарында біресе боран соғып, біресе күн суытып тұр

ОРАЛ. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының аудандарында қыс қаһарына мініп, бірде боран соғып, бірде аяз ұрып тұр.

Әсіресе, ақпан айы басталысымен соққан боран алыс елді мекендерді қарға толтырып, жол қатынасын қиындатып жіберді.

Шалғай өңірдің бірі Бөкей ордасы аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің меңгерушісі Сүйінбек Хайруллиннің айтуынша, 1-2 ақпан күндері соққан боран төтен болды. Алдында ғана аршылған жолдарды қайтадан бітеп тастады. МТЗ-82 тракторлары бар шаруа қожалықтары жолдарды аршып, үлкен азаматтық жасауда. Тұрғындар қол күрекпен аула, қора-қопсысын қардан тазаласа, техника біткен ауылдарға қатынайтын жолдарды аршып жатыр.

Биыл қыстаққа Орда өңірі бойынша 44945 ірі қара, 100 мыңға жуық қой-ешкі, 12 мыңның үстінде жылқы, 1352 бас түйе кірген еді. Қазір олардың бәрінен ешқандай шығын жоқ.

Өткен күзде қыстамаға жалпы нобайы 118 мың тонна шөп дайындалған еді. Аудан бойынша мал қыстап жатқан 496 нүкте бар. Осының 324-і құмның арасында орналасқан. Төрт түлік кешегі 15 қаңтарға дейін түгелге жуық қолға қарамай,  жайылып келді. Яғни біраз жем-шөп үнемделді.

Ауданда ұсақ шаруаларды айтпағанда, ірі 10 шаруашылықта мал бордақылануда. Олардың әрқайсысында 50 бастан 250 басқа дейін ірі қара, жылқы, қой бордақыға қойылған. Бұл түліктерге құнарлы шөппен бірге жем беріледі. Мысалы, Т.Масин ауылының Ақсарай нүктесінде «Есет» шаруа қожалығы 100 жылқыны бордақыға қойған. Мал бордақылаушылардың алды осы күндерде малдарын етке өткізуді бастап та кетті. Етке мал тапсыру наурыз, сәуір айларында әбден қызады. Дегенмен қоянның қысына сенім жоқ. Ертең ұзап кетуі де мүмкін. Мұны ескеріп Т.Масин ауылында шөптен қор жасалды. Қиын жағдай туа қалса, ол шөп саттыққа шығарылады.

Облыстың басқа аудандарында да осындай қам-қарекет жасалуда. Шөптен тарыға бастаған жерлерге мал азығын жеткізу қолға алынса, елді мекендерге баратын жолды қардан аршу да күшке түсіп тұр.