ОРАЛ. ҚазАқпарат – Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Жасұлан Халиуллин БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жасұлан Жолдыбайұлы 1985 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін есеп және аудит бакалавры, құқықтану бакалавры мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Сырым аудандық қазынашылық бөлімінің жетекші және бас маманы, БҚО ауыл шаруашылығы департаменті экономикалық талдау, жоспарлау және жиынтық ақпарат бөлімінің бас маманы, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасында осы бөлімнің басшысы болып жұмыс жасады.
2015 жылдан БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО Еңбек инспекциясы басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).