БҚО аймақтық үйлестіру кеңесінде 330,5 млн. теңгені құрайтын жеті жоба қолдау тапты

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен БҚО аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында 330,5 млн. теңгені құрайтын жеті жоба қолдау тапты.

Жиын барысында«Нафта» сауда үйі», «БатысЭлитҚұрылыс», «Мектепке дейінгі шағынорталық», «Алмаз и L» ЖШС және «Ағаділов Д.М», «Иманова А.М», «Кожевников В.А»,«Шаутов М.Б» ЖК жобалары жөніндегі мәліметтер тыңдалып, олардың тиімділігі ескерілді. Сөйтіп, аталған жобалар «Биз­нестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Жаңа бизнес-ұсынысты қолдау» бірінші бағыты бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік қолдауға ие болған «Нафта» сауда үйі» ЖШС-ның жобасы фитнес-орталығының аумағын кеңейту және инженерлік жүйені монтаждауға бағытталса, «БатысЭлитҚұрылыс» ЖШС пластикалық терезелер мен жиектастар даярлау және автокөліктерді жөн­деу жұмысын жүргізетін кешенді ғимарат салуды көздейді. «Ағаділов Д.М», «Кожевников В.А», «ШаутовМ.Б» ЖК-лар жұмыс жасауға қажетті ав­токөлік түрлерін сатып алуға ниеттенсе, «Иманова А.М» ЖК өндірілген жартылай фабрикаттарды тасымалдайтын ауыр жүктартқыш пен жартылай тіркемелі рефрижераторға тапсырыс беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Алмаз и L» ЖШС несиеге алған қаржыны «Мектепке дейінгі шағын орталықты қайта жабдықтау және жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету» мақ­сатына жұмсамақ.