БҚО: Батырдың тойында түйе балуан «темір тұлпар» мінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқала ауданында 7 қараша күні Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізілді.

Шара алдымен Батырдың мәңгілік мекеніне айналған Амангелді ауылындағы бейіт басынан бастау алды. Осы жерде марқұмның рухына арнап аудандық мешіттің имамы құран бағыштап, зиялы қауым зират басына гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін мерейтой Садық Жақсығұлов атындағы орта мектепте жалғасты. Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар қан майданда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мектептің акт залында Садық Шәкелұлы туралы фильм көрсетіліп, аудан әкімі Санжар Әлиев, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов сөз сөйлеп, ел қорғаған ер есімі мәңгілік ұмытылмайтынын атап өтті.

Шара барысында дәстүр бойынша бірінші сынып оқушылары «жас жақсығұловшылар» ұйымына қабылданды. Балдырғандардың өңіріне облыс әкімінің орынбасары Б.Мәкен мен батырдың қызы Тамара Садыққызы арнайы төсбелгіні тақты.

Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың 90 жылдығына арналған қазақ күресінен республикалық дәстүрлі турнир де жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Облыс аудандары мен көршілес өңірлердің мықтылары жиналған байрақты бәсекеде балуандар 55, 60, 70, 80, 90 келі және аса ауыр салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 55келіде Ержан Чукуров (Сырым ауданы), 60 келіде Алмаз Туркаев (Тасқала), 70 келіде Айбол Оразғалиев (Сырым), 80 келіде Ришад Молдашев (Теректі), 90 келіде Ринат Абатұлы (Ақжайық), аса ауыр салмақ дәрежесінде Сұңғат Махамбетов (Орал қаласы) жеңімпаз атанды.

Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталған соң түйе балуандыққа таласы бар бура санды жігіттер жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. 13 балуан бақ сынаған бұл белдесулер өте тартысты өтті. Бұл сында барлығынан бағы да, бабы да басым болған оралдық балуан Сұңғат Махамбетов сайыстың түйе балуаны атанды. Сөйтіп бас бәйгеге тігілген «темір тұлпарды» тақымына басты.

Садық Жақсығұловтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, аудан әкімі Санжар Әлиев қатысып, аудан халқын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов батырдың туған жерінен арнайы келіп, Тасқала жұртына жаңақалалықтардың ыстық ықыласын жеткізді. Бұл тек қос ауданның ғана емес, күллі қазақ елінің мерейі екенін тілге тиек етті. «Келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ономастикалық комиссия құп көрсе, жерлес батырымызға Жаңақала ауданында да көше мен мектеп атын береміз», - деді Лавр Рашидұлы.

Бұдан кейін шара мерекелік концертке ұласты.