Бұл туралы бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау минситрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін журналистерге берген сұхбатында ведомство басшысы Нұрғали Әшімов айтты.
Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнына жақын орналасқан Березовка ауылының тұрғындары өздерін экологиялық қолайсыз аймақтан көшіру мәселесін ұзақ уақыт көтеріп келе жатқаны белгілі. Жақында ауыл тұрғындары бұрын пайда болған шұңқырларға жаңалары қосылғанын айтып, тағы да дабыл қақты.
Министр атап көрсеткендей, бұл түйткіл бойынша Үкімет басшысының тапсырмасымен Астанада екі рет жиналыс өткізіліп, жағдаймен етене танысу үшін министрлік өкілдері ауылға екі рет сапар жасаған. Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының өтініші бойынша комиссия құрамына Мәжіліс депутаты енгізілді.
«Объективті шешім қабылдау үшін объективті мәліметтер қажет. «ҚПО Б.В.» компаниясының қаражатына екі метеостанция сатып алынады. Олар Березовка ауылының тұрғындары көрсеткен жерлерге орналастырылатын болады. Егер метеостанция шығарындылардың нормадан тыс болғанын бір рет көрсетсе, жергілікті атқарушы органдар, үкімет, жер қойнауын пайдаланушы Березовка халқына Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, басқа ауданнан, мүмкін Орал қаласынан тұрғын үйлер беруі тиіс», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгін қажетті құрылғыға тапсырыс берілді және олар әзірлену үстінде. «Ол «Қазгидрометке» қосылады және солардың қарауына беріледі. Яғни құрылғы «ҚПО»-ның бақылауында болмайды. Мәліметтер бірден интернетке орналастырылып, оларды бүкіл халық, соның ішінде Березовка ауылының тұрғындары он-лайн режімінде күнде көре алады. Онда нормалар мен мониторингтің көрсеткіштері жазылады», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.