ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы Березов ауылында балалардың жаппай улану оқиғасынан кейін ересек тұрғындар да сауықтырылуда.
Қазіргі кезде Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылындағы ауданаралық сауықтыру орталығында березовтық 20 адам ем алуда, соның ішінде төрт отбасы бар.
Орталық дәрігері Гүлшат Есенқызының сөзіне қарағанда, олардың жағдайлары қалыпты, көңіл-күйлері де көтеріңкі. Алғашқы үш күнде ортаға бейімделсе, одан кейін емдерін алуда. Әрқайсысының диагнозына қарай түрлі ем шаралары қолданылуда. Жаңақаладағы сауықтыру орталығында алып жатқан емдеріне көңілдері толатынын березовтық тұрғындардың өздері де айтып отыр.
14 қаңтарда Березов ауылынан тағы жиырма тұрғын келіп, ем алады деп жоспарлануда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).