БҚО-да 1 млрд. 648 млн. теңгенің 206 нысаны жария етілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1 млрд. 648 млн. теңгенің 206 нысаны жария етілді.

БҚО мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ербол Найзабековтің айтуынша, соның ішінде 87-сі (169 млн. теңге) тұрғын үйлер болса, 119-ы (1 млрд. 479 млн. теңге) - тұрғын үй емес нысандар. Қазақстан аумағынан тыс жерлерден үш пәтер жария етілсе, соның екеуі Самарада, біреуі Саратовта болып шықты. Сонымен қатар облыста 26 млн. теңге қаражат жария етіліп, соның нәтижесінде үш жеке тұлғадан 2,6 млн. теңге алым алынды. Жария ету науқаны басталған өткен жылдың қыркүйегінен бері өңірдегі жергілікті атқарушы органдарға 2 млрд. 507 млн. теңгенің жылжымайтын мүліктері бойынша барлығы 337 өтініш түссе, соның 150-і (315,4 млн. теңге) - тұрғын үйлер, 187-сі (2 млрд. 192 млн. теңге) - басқа нысандар. Құжаттардың заңға сәйкес болмауына байланысты комиссиялар 105 өтінішті кері қайтарды. Айта кетейік, қабылданған заңға сәйкес жария ету мерзімі 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Елбасы биылғы Жолдауында «мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданғанын» айтып, «құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік берілетінін» атап өтті. Және әлі де ойланып жүргендерді осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырды. Оған қоса 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Демек, одан кейін қандай қаржының да шығу төркіні, шетелдегі есепшоттар бойынша барлық ақпараттар тексеріліп, анықталатын болады.