БҚО-да 2025 жылға дейін 37,8 мың гектар суармалы жерді қолданысқа енгізу көзделіп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 37,8 мың гектар суармалы жерді қолданысқа енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязовтың облыс әкімдігінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңесте мәлім еткеніндей, соның ішінде биыл 5061 гектар суармалы жерді пайдалануға беру жоспарлануда.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екендігін атап өтті. Бірқатар өңірлерде жауын-шашынның аздығы жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екендігін ұмытпауды ескертті.

Осыған орай 2030 жылға дейін Қазақстанда 600 мың га, оның ішінде Батыс Қазақстанда 50 мың га жаңа суармалы жерді қолданысқа енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Соған сәйкес өңірде 2021-2025 жылдарға арналған Су шаруашылығын дамытудың жол картасы да дайындалып, бекітілді.

Сол секілді Батыс Қазақстан облысының 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітіліп, оны орындау мақсатында нысандар мен шаруашылықтардың түрлері бойынша жол карталары әзірленді. Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өсіру көзделген. Осыған орай, облыстағы қолайлы су айдындары көлде-тауарлы балық өсіру және торда балық өсіру шаруашылығы үшін табиғат пайдаланушыларға бекітілуде. 2021 жылы 11 табиғат пайдаланушымен 147,2 тонна тауарлы балық өсірілді.

- Ауыл шаруашылығы саласын сумен қамтамасыз етуде суару-суландыру жүйелерінің маңызы зор. Оңтүстік аудандарды сумен қамтамасыз етуде Жайық-Көшім жүйесінің орны бөлек, 1970 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жүйені қалпына келтіру үшін ҚР Премьер-Министрі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің өңірімізге жұмыс сапары нәтижесінде бірқатар жобалар қолдау тапты, - дейді Ж.Батырниязов.

Оның бірі – жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын Киров-Шежін каналының 4-кезеңін қайта жаңғырту жұмыстары.

Екіншісі – жобалық құны 2,6 млрд теңгені құрайтын Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары, жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылуда.

Үшіншісі – ұзындығы 68 км Шаған ағыны (46,8 км) мен Көшім каналын (22 км) механикалық тазарту бойынша ЖСҚ дайындалды, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Болжамды құны – 2,3 млрд теңге. Жобаны 2023 жылы республикалық бюджет есебінен орындау жоспарланып отыр.

Жүйе арқылы бес ауданның 2 млн га жайылымы мен 355,9 мың бас ірі қара, 765,2 мың бас ұсақ мал мен 129,6 мың бас жылқысы сумен қамтамасыз етіліп отыр. 2025 жылға дейін мал азығын дайындау үшін 8 мың га жаңа тұрақты суармалы жерді қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл 24 мың тонна өнім алуға мүмкіндік береді.

Басқарма басшысының пікірінше, жүйенің жобалық қабілетін толық пайдалану үшін бүгінгі күні осы нысандарды бір орган басқару қажеттілігі туындап отыр.

Оңтүстік аудандарды сумен қамтамасыз етуде Қараөзен мен Сарыөзен және Жәнібек жүйесінің маңызы зор.

ҚР Үкіметінің қолдауымен 2021 жылы Ресейден бұл жүйеге барлығы 172 млн текше метр, соның ішінде Қараөзен мен Сарыөзенге 147,0, Жәнібекке 25 млн текше метр су тасымалданды. Қазіргі уақытта бірқатар су қоймаларының толуы 50 пайыздан артық.

Жүйе төрт ауданның 1 млн га жайылымы мен 309,7 мың бас ірі қара, 475,2 мың бас ұсақ мал мен 199,5 мың бас жылқыны сумен қамтып отыр. 2025 жылға дейін төрт аудан аумағында мал азығын дайындау үшін 4,6 мың га жаңа тұрақты суармалы жерді қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл 13,8 тонна өнім алуға мүмкіндік береді.

Ж.Батырниязовтың сөзіне қарағанда, Жайықтың сол жағалауында тұрақты су көзі жоқ, бұл мал шаруашылығына қолайлы жайылымдардың мүмкіндігін толық пайдалануға шектеу болып отыр. Қазіргі таңда Ақжайық ауданында мал басының 74,1 пайызы Жайықтың оң жағалауында шоғырланған, тұрақты су көзі болған жағдайда мал басы санын арттыруға мүмкіндік туады.

Жайық өзенінің сол жағалауын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарға су шығару үшін жалпы сомасы 4,2 млрд теңге болатын, жалпы ұзындығы 185,6 км 3 магистралды каналды қайта құру басталды. Ақжайық ауданы әкімдігі арнайы техника күшімен Ащы-Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру жобасына кірмей қалған 60 км канал бөлігін тазарту жұмыстарын жоспарлап отыр.

2025 жылға дейін Теректіде 13,5 мың га жерді қолданысқа енгізу мақсатында Барбастау өзеніне және Ақжайық ауданындағы сумен қамту мәселелерін шешу үшін Бағырлай жырасына су беру үшін насос станциясы құрылыстары қолға алынғалы отыр. Бұл 40,5 мың тонна өнім алуға мүмкіндік береді.

«Елді мекендердің тұрмыстық қажеттіліктеріне пайдалану, жайылымдағы ормандарды суландыру, жер асты суының деңгейін көтеру үшін Жайық өзенінің ескі арналарын тазалау жұмыстары қолға алынды», деді Ж.Батырниязов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 521 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр.