ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 26 тонна медицина қолғабы тиелген автокөлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029-әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Асқар Қазбековтің мәлім еткеніндей, оқиға 16 наурыз күні сағат 19.30-да «Тасқала» өткізу бекетінде орын алды.
Қазақстан Үкіметі медициналық жеке қорғау құралдарын елден алып кетуге тыйым салған болатын.
Соған қарамастан, шекарашылар Оралдан Мәскеуге бағыт алған INTERNATIONAL жүк көлігін қараған кезде, одан 26 тонна латекс қолғаптары табылды.
Жүктің ілеспе құжаттарында 3,9 млн қолғап екендігі жазылған. Бағасы – 3,666 млн теңге.
Жүк Орал қаласындағы «Торговый UNEX» ЖШС-да тиелген.
«Жүк көлігін БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсыру көзделуде» деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Қазбеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).