Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысында облыстық дін істері департаментінің директоры Талғат Нығметов мәлім етті.
Оның айтуынша, кейбір мешіттердің аумағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының теңгеріміне аударылса, жеке меншік иелеріне тиесілісі де бар. Келешекте барлық мешіттер де түгел мемлекеттік тіркелімнен өтіп, тұрған жері ҚМДБ-ның теңгеріміне өтуі тиіс. Сонымен бірге барлық діни ғимараттарға да БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі) берілуі керек. Жалпы, әрбір мешітті толық рәсімдеу үшін 90 мың теңгедей ақша қажет. Тіркеуді 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін түгел аяқтау үшін облыстық мешіттің жанынан бір имамды тіркеумен айналысуға міндеттеген жөн.
Өңірдегі руханият орындарының тағы бір күрделі мәселесі - имамдардың жетіспеуі. Мәселен, 7 мешітте имам жоқ. Батыс өңіріндегі бірден-бір діни оқу орны - Орал медресесі шығарған имамдар аздық етеді. Биыл бітірген 9 шәкірттің екеуі үздік оқушы ретінде жолдамамен Алматы қаласына жіберілген. Қазір «Нұр-Мүбарак» араб-қазақ университетінде оқып жатыр. Келешекте бұл мәселе де түбегейлі шешімін табуы қажет.
Отырыста сондай-ақ діни жүгенсіздік уағызының таралуына қарсы бағытталған мақалалар даярлау барысында сол тақырыпқа жазатын журналистер мен дін өкілдері, дінтанушылармен арасында жүйелі байланыс орнауы қажеттігі айтылды. Облыс журналистері арасында қоғамдағы дін мәселелеріне қатысты үздік мақалаға, талдау материалына, арнайы сюжет пен репортажға байқау ұйымдастырған дұрыс. Осы мәселе бойынша «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, облыстық телерадиокомпанияның директоры Асланбек Ғұбашев және басқалары сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.