ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы Аян Борашевқа қатысты ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігіне (аса ірі көлемде пара алу) сәйкес үкім шықты.
Сотта мәлім болғанындай, А.Борашев мемлекеттік қызметші бола тұра, 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың 22 қыркүйегіне дейін кәсіпкерден 75 млн теңге пара алған.
Есесіне ол ауыр салмақты жүк көліктерін «Сырым» бекетінен кедергісіз және жедел өткізуге көмектескен.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан алынған мәліметке қарағанда, мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты қолдап, сотталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот үкімімен А.Борашев ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, ол 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны тісін сапасыз емдеген клиникадан 12 млн теңге өндіріп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).