ОРАЛ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ауа райы әлі де салқын болмақ.
Облыстық гидрометеорологиялық орталық ауа райын болжау бөлімінің бастығы Татьяна Шилингтің айтуынша, болжамға сәйкес нағыз көктем 3 сәуірде басталмақ. Оған дейін кетуге «асықпайтын» қыс талай «құйтырқы» мінезін көрсетуі мүмкін. Мәселен, 26-27 наурыз күндері қар жауып, қатты жел соғады. 28-29 наурызда суықтық түнде 10-15 градусқа жетеді, күндіз 1-6 градус аяз. 30-31 наурыз күндері қар аралас жаңбыр жауып, түнде 1-6 градусқа дейін суытады, күндізгі жылылық 5 градус ғана. Тек 2 сәуірден бастап, ауа температурасы көтеріледі. 3 сәуір күні күндіз де, түнде де 5 градусқа дейін жылы.
Түгелімен алғанда, сәуір айында күн нұрын аса төкпейді. Алматыдағы бас кеңседен келген мәліметке қарағанда, алдағы айдағы ауаның орташа температурасы қалыптан 1 градусқа төмен. Жауын-шашынның мөлшері қалыпты. Ал суық ызғары сәуір бойы сезіліп тұрмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).