БҚО-да барлығы 3726 маман «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының игілігін көрді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері (2009-2015 жылдары) 3726 маманға 727,3 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленді.

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиеваның айтуынша, соның ішінде мамандар Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарына көбірек тартылды. Ауылға барғандардың басым көпшілігі (2572) мұғалімдер болса, 675-і - денсаулық сақтау саласының мамандары. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында еңбек етуге талап білдірген 78 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілді. 2010 жылдан бері ауылға барған 1457 маманға үй сатып алуы үшін 3490,3 млн. теңге бюджеттік несие ұсынылды. Биыл бір жолғы көтермеақы төлеуге 177,4 млн. теңге қарастырылса, 1 қарашадағы мәлімет бойынша 412 маманға 161,5 млн. теңге төленді. Тұрғын үйді сатып немесе салып алуға 828,7 млн. теңге қаралса, осы мерзімде 248 маманға 790,1 млн. теңге бюджеттік несие берілді. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмыстар алдағы жылы да жалғасатын болады.