ОРАЛ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биылғы 12 қаңтарда Шыңғырлау аудандық прокуратурасына аудандық аурухана фельдшері А.Сисенғожиннің өз міндеттерін дұрыс ақтармай, соның салдары 2 кісі өліміне соқтырғаны туралы А.Сапиевтің арызы түсті.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған факті бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментімен бірге тексеріс жүргізіліп, фельдшер А.Сисенғожиннің өрескел қателіктерге жол беріп, дұрыс емес диагноз белгілеп, аурудың байыбына бармай, аудандық ауруханаға хабарламай, тиісті дәрежеде ем көрсетпей, медицина қызметкеріне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны анықталды. Сол салдарынан науқастанғандар А.Сапиева және М.Сапиева газдан уланып, қайтыс болған.
Осы оқиға бойынша Шыңғырлау аудандық прокуратурасы аудандық аурухананың фельдшері А.Сисенғожинге қатысты ҚР ҚК 114-бабы 4-бөлімімен қылмыстық іс қозғап, алдын ала тергеуге аудандық ішкі істер бөліміне жолдады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).