ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі жас жігіт экспедитордың 1,8 млн теңгесін тартып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 1 сәуір күні Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болған.
Екі жас жігіт зорлық-зомбылық көрсетіп, экспедитордан 1,8 млн теңге ақшасы салынған пакетті тартып алған.
«1990 жылғы жәбірленуші шабуыл жасағандардың бетперде киіп келіп, бетінен бірнеше рет соққы жасағанын айтты. Ақшаны тартып алғаннан кейін қарақшылар оқиға орнынан «ВАЗ-2115» автокөлігімен бой тасалаған. 1996 және 1997 жылғы күдіктілер қолға түсіп, тергеу изоляторына қамауға алынды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 3-бөлігіне (ірі мөлшерде тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Аталмыш бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).