БҚО-да экономикалық сипаттағы қылмыс 7,2 пайызға өсіп, келтірілген залал 2 млрд. теңгеге жетті

ОРАЛ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл өндірісі аяқталған экономикалық сипаттағы қылмыс 7,2 пайызға өсіп, келтірілген залал 2 млрд. теңгеге жетті.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Р.Сапарғалиев пен «АттисОралАгро» ЖШС директоры Б.Нығышевтің үстінен ҚР 176-бабы 3-бөлімі «б» тармағы бойынша қылмыстық іс сотқа берілді. Оларға агроөнеркәсіп кешенін дамыту, сондай-ақ өңірлік азық-түлік тұрақтандыру қорын құру мақсатында жеміс-жидек өнімдерін (пияз, картоп, сәбіз) сатып алуға берілген 200 млн. астам теңге бюджет қаражатын қымқырды деген айып тағылып отыр.

Өңірде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмысы 83,1 пайызға артып отыр. Соған орай сотқа жіберілген қылмыс саны 40 пайызға көбейді.