ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Елбасы Жолдауына байланысты бұқаралық спортты дамыту бағытында нақты шаралар жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында Жолдауды талқылауға арналған жиында айтылды.
Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Шынболат Теміржанов Жолдаудағы негізгі басым бағыттарға тоқталып, аталмыш басқарма тарапынан салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған ақпараттандыру жұмыстары мен билбордтар орнатуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, қала мен ауылдық жерлерде тұрғындардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасалмақ. Сонымен қатар ел намысын халықаралық, әлемдік додаларда қорғайтын спортшыларды даярлауға ұдайы көңіл бөлінеді. Бұл ретте алдымен Сочи олимпиадасына қатысатын алты бірдей шорт-трек шеберіне ерекше үміт артылып отыр. Сондай-ақ биыл батысқазақстандықтар әлем, Азия чемпионаттарында еліміздің көк байрағын желбірету үшін барын салатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).