БҚО-да етті ірі қараны өсірудің мүмкіндігі мол – Б.Жүгінісов

Л. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасының биылғы Жолдауында мал шаруашылығын дамытуға баса мән берілгені мәлім. Шындығында БҚО-да етті ірі қараны өсірудің мүмкіндігі мол.

Ол үшін білікті маман-кадрлардың тәжірибесін қазір пайдаланып қалу қажет. Бұл туралы осы салада кезінде көп жыл еңбек етіп, зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Болат Жүгінісов өз ой-толғамын былайша жеткізді.

-Ауыл шаруашылығы сала­сының маманы ретінде мені облыс агросекторының жай-жапсары толғандырады. Өзім Оралдағы ауыл шаруа­шылығы институтын бітіргеннен соң, «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына барып, ғылымды практикамен ұштастыруға 10 жылымды арнадым. Осы шаруа­шылықтағы Бүкілодақтық етті мал шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының (Орынбор) етті ірі қараны асылдандыру технологиясын реттеумен айналысатын тірек пунктінде төрт жылдай меңгеруші болдым. Бұл кеңестік заманда одақ бойынша етті ірі қараны асылдандыру, асыл малды көбей­ту мәселелерімен айналысқан бір­ден-бір ғылыми мекеме болатын. Міне, сол институттың Аңқатыдағы ғылыми қызмет­кері міндетін атқардым. Бұл тірек пунктіне «Чапаев» асыл тұқым­ды мал зауыты да қарайтын. Тәжірибелерімізді осы екі шаруашылықта жүзеге асырдық. Ғылыми іздену­ші бола жүріп, 1988 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1985 жылы зауытқа өңірге танымал өндіріс басшысы Федор Скобычкин директор болып келді де, мені бірге жұмыс істеуге шақырды. Шаруашылықта бас маман, кейіннен өндіріс саласы бойынша директордың орынбасары болып қызмет істедім. «Аңқатының» атағы дүрілдеп шықты, етті ірі қара өсіру жөнінен жетістіктері берісі бүкіл елге, әрісі айдай әлемге мәшһүр болды. Сол кезде Кеңестер одағы бойынша үш жыл қатарынан бірінші орынды өзге шаруашылықтарға бермей, үздік шығып отырдық. Әр жүз аналықтан 98-ден бұзау алдық. Сонымен қатар асыл тұқымды мал өсіру, сұрыптау, сату, саны мен сапасы жөнінен де сондай көрсеткіштерге қол жетті. Сол жылдары зауыттың көрсеткіштері өзінің шарықтау шегіне жетті. Одан кейін «Аң­қатыда» мал бордақы­лау­дың канадалық жүйесін қолда­нысқа енгіздік. Бұл атақты академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Социалистік Еңбек Ері Алексей Черекаев­тың бастамасымен және сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің қолдауымен етті ірі қараны дамытуға байланысты жасалған нақты қадам болатын. Сол кездері егер бордақыланған малдың салмағы 570 киләдан кем болса, біз оны ет комбинатына апармайтынымыз әлі есімде. Етке тапсыратын малдың орташа салмағы 625 киләға шейін жететін еді.

Өткенді таразылап, бүгінгі күннің биігінен қарасақ, келешекте облысымыздың ет өндіруден көшбасшы болуға әлеуеті жеткілікті. Шабын­дықтарымыз, мал жаятын құнарлы жерлеріміз, Нарын құмы, Жаңақала, Қаратөбе сықылды мыңғыртып мал өсіруге қолайлы өңірлеріміз бар. Елбасының биылғы Жолда­уында айтылғанындай, сыртқа 60 мың тонна ет шығару мәселесі біздің облысты биікке көтеретін тұғыр болайын деп тұр. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен Янайкинде мал бордақылайтын ірі кешен салынды. Сонымен қатар бұрыннан келе жатқан жергілікті мал асылдандыру зауыттарының мүмкіндіктерін молынан пайдаланған жөн. Соның ішінде «Аңқаты», «Шағатай» зауыттарының асыл тұқымды малымен ана На­рын құмындағы және өзге де ауылдық жерлердегі малды асыл­дандыру - кезек күттірмейтін іс. Бұл - біріншіден.

Екіншіден, жаңағы малды асылдандыруға мемлекеттен бөлінетін қомақты қаржы әр ауылға жетер болса, іс өрге басады. Ол үшін әуелі әр ауылдың табиғи мүмкіндігін, қанша малды ұстап, өсіре алатынын, кімде қанша мал барын, қолдағы малдың ветеринар­лық жағдайын, малды етке өткізгенде қайда, кімге тапсырып отырғанын, міне, осының барлығын анықтап, зерттеп алмасақ болмайды. Ірі қараны бруцеллезден толық сауықтыру шарт. Елбасы Жолдауынан ке­йін ауыл шаруашылығына бө­лінетін қаржыны әр ауылдың мүмкіндігіне қарай мал басын көбейтуге бөлу жағын әлден ойластыру керек. Бес сиыр бағып отырған адамның малы он, он сиыры бардың малы жүз болатындай етіп қаржы бөлсек, ауылдағы халықтың жағдайы күрт көтерілер еді. Мал ұстап, оны өсіріп отырған адамдарға қолайлы жағдай тудырмасақ, мал өзінен-өзі өспейді. Өзге аймақтармен салыстырғанда облыста етті ірі қара өсіру жөнінен кәнігі мамандар жеткілікті. Сондықтан БҚО-ның ірі қара өсіру жөнінен өзге өңірлерге қарағанда, алға шығып кететін әлеуеті мол. Облыс басшысының қадамы құптарлық. Енді егін салуды қала маңындағы аудандар­дың еншісіне қал­дырып, етті ірі қараға, жылқы­ға, қойға, өзіміздің төрт түлік малға көбірек көңіл бөлсек деймін.

Тағы бір айта кетерлігі, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бұрын­ғы дәстүрінен ештеңе қалма­ды. Сондықтан оны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қарамағына беріп, сту­­ден­т­тердің теорияны ғылым­­мен ұштастыруына жағдай ту­ғызылса дейміз. Елбасының өзі ЖОО-лардың инновация­лық қызметін көтеруді және ғылы­ми зерттеулердің нәтижеле­рін өндіріске енгізетін үлесін арттыруды тапсырып отыр. Университет стансада екпе шөптердің түрлерін өсірумен ғылыми түрде айналысатыны кәміл.

Бүгінде облыс көлеміндегі мал жайылымдарына байланысты қалыптасқан жағдай алаңдатады. Ондай жерлер кезінде жекелерге бөлініп берілсе де, олардың көпшілігі оған егін салып отырған жоқ. Ал қалаға іргелес ауылдардың тұрғындары болса, мал бағатын жайылым таппай қиналуда. Егін егілмей, арамшөп басқан жерлерді кері мемлекет меншігіне қайтарып, ол жерлерге екпе шөп егу шараларын ұйымдастырған дұрыс. Малдың жемшөп қоры база­сын жасақтайтын болсақ, облыс көлемінде 1 миллионға жақын ірі қара малды ұстауға болар еді. Мал бордақылау кешендерінің әлдеқайда арзанға түсетін түрлерін салуға мүмкіндік бар. Мысалға, ашық алаңда канадалық технологиямен мал бордақылауды ұйымдастыруға болады.

«Қазір біздің облыста етті ірі қара саласына қатысты мамандар жеткілікті, демек, солардың білім-білігін, қажыр-қайратын дер кезінде пайдаланып және олардың тәжірибесін жас мамандарға сіңіріп қалуымыз керек. Ал он шақты жылдан кейін кеш болуы мүмкін. Өйткені енді біразырақ жылдан кейін малдың майталман мамандарының барлығы дерлік зейнетке шығады. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылған етті ірі қара шаруашылығын дамытуды кешіктірмей қолға алуымыз қажет. Сонда Ресейдің бес бірдей аймағымен шектесетін Батыс Қазақстан облысы сапалы етті шетке де молынан шығара алады», - деп түйіндеді ойын ғалым.