БҚО-да кадрлық өзгерістер болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Рахымжан Исақұлов облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. БҚО әкімі Алтай Көлгінов аппарат жиналысында жаңа басшыны облыс активімен таныстырды. Рахымжан Ержанұлы «Болашақ» бағдарламасымен Роял Холловей Лондон университетін «экономика және менеджмент бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған, Жапония үкіметінің гранты негізінде Саяси зерттеулер ұлттық институтының «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығында оқыған. Бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарды.

Сонымен қатар, конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасының басшысы лауазымына Алтынбек Қайсағалиев тағайындалды. Ұлыбританиядағы Бат университетінде білім алған Алтынбек Кеңесұлы ҚР Президенті Әкімшілігінде, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында және Орал қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Сондай-ақ, Орал қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Бекжан Нұрланұлы Тоқжанов тағайындалды.Бүгінге дейін ол Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Ал, Орал қаласы әкімінің аппарат басшысы лауазымына Ерболат Кәрімов тағайындалды. Бұған дейін Ерболат Нұрланұлы Орал қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы қызметін атқарған еді.