БҚО-да қаржы бақылау инспекциясының қызметкерлері 3,3 млрд. астам теңгенің заңбұзушылығын анықтады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясының қызметкерлері 15 қараша - Ұлттық теңге күнін өзіндік табыстармен қарсы алып отыр.

Инспекция басшысы Меңдіхан Лұқпановтың айтуынша, мысалы, мекеме биылғы тоғыз айда 222 нысан бойынша 300 бақылау шарасын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде 3 363 897,0 мың теңгеге бюджеттік және басқа заңдылықтың бұзылғанын анықтады. Тексеру барысында сонымен қатар жергілікті бюджетті жасау, бекіту және орындау кезінде 8 701,0 мың теңгеге заңбұзушылықтың орын алғаны белгілі болды.

Тоғыз айдағы тексеру қорытындысына сәйкес 2 836 411,0 мың теңге немесе заңбұзушылықтың 84,3 пайызы қалпына келтіруге және орнын толтыруға жатады. Мемлекеттік сатып алу саласында да заңбұзушылықтар орын алуда. Атап айтқанда, бұл салада 7 318 136,6 мың теңгеге бақылау жүргізілсе, соның ішінде 5 296 794,4 мың теңгені құрайтын 541 сатып алу бойынша заңбұзушылықтардың кеткені белгілі болды. Бюджет және басқа заңдылықты бұзғаны үшін 94 лауазымды қызметкер 7 766,0 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, содан 7 567,8 мың теңге немесе 97,4 пайызы бюджет пайдасына өндірілді. Тексерілген нысандар бойынша заңбұзушылыққа жол бергені үшін 229 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның біреуі қызметінен босатылды. Оған қоса бақылау шаралары нәтижесінде мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлеріне қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, олар сотта тиісті жазаларын алды. Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында әр теңгені тиімді жұмсау қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осы орайда БҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясының қызметкерлері де өз жұмыстарын алдағы уақытта да талапқа сай атқара беретін болады.