БҚО-да «Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы» атты шара өткізілді

ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы аясында облыста «Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы» атты шара өткізілді.

Алдымен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған шара барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұдан тура жиырма жыл бұрын, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жапқандығы, қазіргі кезде Қазақстанның осы қозғалыстың көшбасшысына айналғаны айтылды.

«Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев ұйым басшысы, белгілі қоғам қайраткері, атақты ақын Олжас Сүлейменовтің адамзатты ядролық сынақты тоқтатуға шақырған үндеуін оқып берді.

Шара барысында қозғалыстың құрылу тарихы туралы бейнефильм көрсетіліп, белсенділерге құрмет грамоталары табыс етілді.

Шара бірқатар мемлекеттік органдар мен білім ұйымдарында жалғасын тапты.