ОРАЛ. 26 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданы Алғабас ауылында Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевқа ескерткіш орнатылды.
Ауыл саябағында бұдан бұрын Ұлы Отан соғысынан оралмаған сарбаздарға арналған ескерткіш бар еді. Енді соның жанынан аудан әкімі Абай Иманғалиевтің бастамасымен батырдың мүсіні бой көтерді. Авторы - оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов. Сондай-ақ Алғабас орта мектебіндегі мұражайдан батырға арналған бұрыш ашылды.
Алдағы жылы туғанына 90 жыл толатын Есен Шегірейұлы 1922 жылы Алғабас ауылдық округіне қарасты Қарағай елді мекенінде дүниеге келген. Жиырма екі жасында Тисса өзенінен өту кезінде ерлігімен көзге түскен батыр соғыстан кейін көп жыл Жаңақала ауданында «Красногор» кеңшарының директоры болды.
Ақжайық ауданының Жамбыл ауылында тағы бір Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловқа да ескерткіш орнатылмақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).