Өңірде жылумен қамту, электр желілері, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша бірқатар ірі жоба іске асырылып жатыр.
Вице-премьер алдымен Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін ЖайықТеплоЭнерго кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Қазіргі уақытта кәсіпорын Энергетика министрлігінің бағалауынша «қызыл аймақта» тұр.
– 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейін 83 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетіп, нысанды «сары аймаққа» шығару жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Тозу деңгейі 65 пайызды құрайтын бұл нысан 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
Одан кейін вице-премьер Орал қаласының Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасының құрылыс барысын тексерді.
Қазіргі таңда мұнда жұмыстардың 40 пайызы орындалған.
Жобаның құны – 1,7 млрд теңге.
– Жаңғырту аяқталғаннан кейін станса тәулігіне 14 700 текше метрге дейін сарқынды суды айдай алады. Бұл жаңа абоненттерді қосуға және коммуналдық инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады жауапты мамандар.
Сапар барысында Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы нысандары да назардан тыс қалған жоқ.
Мұнда жалпы ұзындығы 138 шақырым электр желісін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңді жоба іске асырылуда.
– Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82 пайыздан 75,4 пайызға дейін төмендеді, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне де тоқталды.
Жобаларда қазақстандық темірбетон тіректері, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы стансалар мен полиэтилен құбырлары пайдаланылып жатыр.
Кейбір нысандарда қазақстандық қамту үлесі 80–99 пайызға дейін жетеді.
29 мамырдағы мәлімет бойынша ЭКСЖ электрондық платформасында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы құны 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген.
Олардың ішінде жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба белсенді іске асырылу кезеңінде тұр.
Айта кетейік, Оралда Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың іргетасы қаланды.