БҚО-да қос бірдей жол апатынан үш адам ажал құшты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кісі өліміне соқтырған қос бірдей жол апаты орын алды.

БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Талғат Ақаевтың сөзіне қарағанда, 22 ақпан күні Тасқала ауданы Семиглавый Мар стансасы маңында батысқазақстандықтар мінген шетелдік жеңіл автокөлік Ресейге қайтып бара жатқан «Газельмен» соқтығысқан.

Кейін белгілі болғанындай, бес адамнан тұратын отбасы Саратов облысы Александров Гай ауданына жақын туысын жерлеуге барады. Қайтарда алты жасар қыздың әке-шешесі өздері сонда қалып, қызын ата-әжесімен кейін қайтарады. Өкінішке қарай, олар жолда бақытсыздыққа ұрынып, соның салдарынан қыз бала мен оның атасы ауруханада көз жұмды. Ал «Газельдегі» жолаушылар дін аман.

Тағы бір жол-көлік оқиғасы 24 ақпан күні Жәнібек ауданында тіркелді. Жәнібек ауылының тұрғындары Тау елді мекеніне кісі жерлеуге барады. «Нива» автокөлігінің жүргізушісі шаршағанын айтып, жолаушыдан рөлге отыруын өтінеді. Жолаушының жүргізушілік құқығы мен тәжірибесі болғанымен, автокөлікті аударып алады. Соның салдарынан ол азамат қайтыс болды.

Қазіргі кезде қос оқиғаның себеп-салдары анықталуда.