БҚО-да оқушы бойжеткендердің хиджаб киіп келуіне заң жүзінде тыйым салу мәселесі көтерілді

ОРАЛ. 28 маусым. ҚазАқпарат - 27 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы болды.

Онда екі мәселе: облыстың орта мектептерінде арнаулы білім беретін оқу орындарында және Бөкей ордасы ауданындағы діни ахуал, оларды реттеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсары қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Облыстық білім басқармасы арқылы облыстағы орта мектептер және арнаулы білім беретін орындардағы діни ахуал және оларды реттеу бағытында жүргізілген жұмыстар туралы» аталмыш басқарма бастығының орынбасары Айгүл Мыңбаева хабарлама жасады. Хабарламада атап  көрсетілгеніндей, 2011-2012 оқу жылында облыстың 416 мектебінде 88660 шәкірт білім алса, 20 кәсіптік лицейде 6682 жас оқыды. 19 колледжде 19248 адам білім алды. Бұған айрықша мән берілу  себебі, жат діни ағымдар мен секталардың аңдитыны да - сол жасөспірімдер, бозбалалар мен бойжеткендер. Өмірлік тәжірибесі кемшін олардың кез келген уақытта құрылған тұзаққа түсіп қалуы да таңданарлық емес.

Осындай қайғылы да қатерлі оқиғалардың алдын алу мақсатында мектептерде «Дінтану негіздері» факультативтік курсы енгізілген. Теріс ағымдағы діни ұйымдардың зиянкестік іс-әрекетін сипаттайтын тәрбиелік шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ қала мен аудандардағы орта мектептерде әдеттегі ата-аналар комитетінен өзге қоғамдық кеңестер құрылып, жұмысқа кірісті. Бұл - ата-аналар мен  мектеп арасындағы балалар, жастарды жат діни ағымдардан сақтандыруға арналған жаңа қондырма. Осы орайда, қалалық №42,  №41, №44 орта мектептері ұжымдарының жұмысын айрықша атап өткен жөн. Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Ақжайық, Бөкей ордасы, Сырым, Шыңғырлау аудандарында аталмыш іс жақсы жолға қойылған. Қалалық білім беру бөлімі жанынан да «Ата-аналар қоғамдық кеңесі» құрылды. Кеңестің әр мүшесіне қаланың бес мектебінен бекітілді. Олар сол мектептердегі діни жүгенсіздіктің алдын алу және болдырмау шараларымен айналысады. Дінтану сабақтарының үлгілі әдістерін тарату мақсатында озық ұстаздардан шығармашылық топ құрылды. Кітапханалардағы кітап қоры тексеруден өтіп, оқушы санасына зиянды әдебиеттер жиналып, іс барысы қатаң бақылауға алынды. Балалар мен жасөспірімдердің діни жағынан зиянды саиттарды оқымауы үшін ғаламторға бақылау жасау жөнінде ата-аналармен және өзге де мүдделі тараптармен бірлескен жұмыс қолға алына бастады. Хабарлама соңында А.Мыңбаева мектептерге оқушы бойжеткендердің хиджаб киіп келулеріне тыйым салу жөніндегі ұсынысын айтты. Қазір Орал қаласының мектептерінде 38, ал аудандарда 133 бойжеткен хиджаб киіп жүр. Міне, осы мәселені заң негізінде шешетін уақыт жетті.

Екінші мәселе бойынша Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, аудандағы діни ахуал қалыпты. Аудан көлемінде 3 діни бірлестік жұмыс жасайды. Бәрі де қайта тіркеуден өтті. Шетелдік діни оқу орындарында болғандар тіркелген жоқ. Діни жүгенсіздіктің алдын алу мақсатында аудандық және жеті ауылдық ақпараттық топ құ- рылып, мақсатты жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар жастарға дұрыс бағыт беретін діни ұйымдар туралы айтылатын түрлі дөңгелек үстелдер мен кездесулер өтіп тұрады. Халық арасында адамдардың діни сауатын ашу мақсатында 600 үнпарақша мен 200 кітапшалар таратылған. Аудан бойынша еліміздегі діни оқу орындарын былтыр үш шәкірт бітірсе, биыл екі оқушы білім алу алуды аяқтады.

Кеңесте Бөкей ордасы ауданындағы діни жүгенсіздіктің алдын алу жұмысы оң бағаланып, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жиналғандарға аталмыш істерді онан әрі жүйелі және пәрменді түрде жүргізуді тапсырды.