ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі аудандық соты аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бұрынғы басшысына қатысты үкім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жүргізілген тексеріс қорытындысына оң шешім шығару және кәсіпкерлік қызметіне бұдан былай кіріспеу үшін аудан тұрғынынан 50 мың теңге көлемінде пара алған.
Шенеунік ҚР ҚК 311-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталып, мүлкін тәркілеумен бірге жалпы тәртіптегі колонияда жазасын өтеумен үш жылға сотталды. Сонымен бірге ол осынша уақыт бойы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс атқара алмайды.
Сот сондай-ақ пара берушіні де «ұмыт қалдырмай», оған ҚР ҚК 312-бабы 2-бөлігі бойынша екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі. Ол осы мерзімде арнайы органның рұқсатынсыз мекенжайын өзгерте алмайды, әрі оның ойын-сауық және басқа да орындарға баруына шектеу қойылады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).