ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ресейлік азамат 29 келі киік мүйізімен қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасы 2029-әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Азамат Бимановтың айтуынша, заңды бұзған азамат бүгін, таңғы сағат 06.00-де Ақсай автомобиль өткізу бекетінде ұсталды.
«Шекаралық бақылауды жүзеге асыру кезінде ресейлік азамат тізгіндеген автокөліктің жүксалғышындағы жол сөмкесінен киіктің жаңадан кесілген 128 дана мүйізі табылды. Мүйіздің жалпы салмағы 28 кг 914 грамды құрады. Құны 242,4 млн теңгеге бағаланды», - делінген таратылған хабарламада.
Аталған азамат Қазақстаннан Ресейге бара жатқан.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, Бөрлі ауданы полиция бөлімі тергеу амалдарын бастағанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының 348 дана киік мүйізімен ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).