ОРАЛ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - «Батыс су арнасы» ЖШС ресейлік өнертапқыштар ойлап тапқан «СОВ-2» қондырғысының көмегімен қарыздарын қасақана төлемей жүрген тұтынушылардың су құбырларын жауып тастауды бастады.
Мұның артықшылығы сонда, қондырғы кәріз желісін бүлдірмейді және берешегі жоқ тұрғындарға су еш кедергісіз келіп тұрады. Қарызын өтегеннен кейін су құбыры қайта ашылады. Қондырғының құны - 2 млн. теңге. Бір мекемеге бір қондырғы жеткілікті.
«Батыс су арнасы» ЖШС абоненттік бөлімінің бастығы Нәсіп Мәмбетованың айтуынша, Орал қаласында тұтынушылардың жыл басынан бергі қарызы 60 млн. теңгеге жеткен. Бұған биыл ақпан айында суға және кәріз қызметіне бағаның көтерілуі себепші болды. Берешегі көп тұтынушыларға алдымен бірнеше мәрте ескерту жасалады, оған құлақ аспаса, құбыры жабылады. Осы апта ішінде қалада қарызы 70 мың теңгеден асқан үш пәтердің кәрізіне тоқтау салынды.
Бұған дейін қарыз төлемеушілермен күрес сотқа шағымданумен бітетін. Күні бүгін 22 млн. теңгені өндіру үшін 1250 атқарушылық құжат толтырылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).