ОРАЛ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бөрлі аудандық соты өз үйінде ресейлік зейнеткерді ұрып-соғып өлтірген қылмыскерді 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, Ақсай қаласының 32 жасар тұрғыны бұдан бұрын үш рет сотталған, тіпті бастапқыда кәмелетке толмай жатып-ақ қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Содан кейін ұрлығы мен бұзақылығы үшін сазайын тартты.
Ол өзі үйіне алып келген 71 жасар ер адамды ұзақ уақыт бойы соққыға жыққан. Сосын қартты сыртқа шығарып жіберіп, өзі теледидар қарап отыра берген. Зейнеткер үйден ұзамай жатып жығылғаннан тұрмаған. Сараптама көрсеткеніндей, ажал бастан тиген ауыр соққыдан болған.
Қылмыскер енді жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп, маскүнемдіктен емделетін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).