БҚО-да скринингтік тексеру кезінде 12 мыңға жуық әйелден қатерсіз ісік анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукомаға 40-76 жас аралығында жоспарланған 200 021 адам түгелдей скринингтік тексеруден өткізілді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмас Жүнісбековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 7 787 адамнан алғаш рет ауру анықталды.
Алмас Тоғайбайұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде 5 164-і — артериялық гипертензия, 667-сі — жүректің ишемиялық ауруы, 714-і — қант диабеті, 1 242-сі глаукомаға шалдыққаны белгілі болды. Олардың барлығы диспансерлік есепке алынып, дәрігердің бақылауында болып, тиісті ем тағайындалды.
— Сүт безі обырына скрининг 40-76 жас аралығындағы әйелдер арасында 2 жылда 1 рет жүргізіледі. Скирингпен 43 230 әйел (96,2 пайыз) қамтылып, сүт безі обыры 68 әйелде (46-сы — І кезең, 22-сі — ІІ кезең) анықталды. Сондай-ақ 11 914 әйелден қатерсіз ісік табылды, — деді Алмас Жүнісбеков.
Оның айтуынша, жатыр мойны обырына 30-74 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет тексеруден өтеді. Скринингпен 31 217 әйел (89,5 пайыз) қамтылған. 12 әйелдің (9-ы — І кезең, үшеуі — ІІ кезең) жатыр мойны обырымен ауыратыны мәлім болды. Ісік алды патологиялар 885 әйелде (2,8 пайыз) тіркелді.
Басқарма мәліметіне сәйкес колоректальды қатерлі ісікке скринингпен 50-76 жас аралығындағы 53 262 ер және әйел адам (98,7 пайыз) тексерілді. Мұндай обырға 19 адам (бесеуі — І кезең, 12-сі — ІІ кезең, екеуі — ІІІ кезең) шалдыққан. Оған қоса 487 адамда (0,9 пайыз) ісік алды патологиялар пайда болған.
Науқастардың барлығы тіркеу орны бойынша диспансерлік бақылауға алынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 25 адамның қызылшамен ауырғаны расталғанын жазған едік.