ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 16 қазан күні Теректі ауданы Долинный ауылы маңындағы Солянка өзеніне балық аулауға барған 1988 жылғы тұрғын суға батып кеткен болатын.
Оның денесін тума-туысқандарымен бірге құтқарушылар қанша іздестіргенімен, көпке дейін нәтиже бермеді.
Аудандық ТЖ бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, Ержан Асановтың денесін батысқазақстандық құтқарушылар 28 қазан күні сағат 11.35-те сол өзеннен тапты.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, ол сол күні серігімен балық аулауға барған. Өзеннің ортасында ау құрамыз деп жүргенде, желдің әсерінен резеңке қайық аударылып, балықшылардың біреуі құтқарылғанымен, екіншісі суға кеткен. Марқұм ішімдік ішпейтін азамат еді, дейді білетіндер. Марқұмның соңында зайыбы, екі кішкентай баласы қалды.
Еске сала кетейік, сол күні Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округі аумағында, Первомай ауылынан 18 шақырым жерде Грачи-1 өзенінен балық аулау кезінде Чапаев ауылының 1957 жылғы тұрғыны суға кеткен болатын. Онда да қайық аударылған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).