БҚО-да сумен қамту және жылу желілерін қайта құру үшін Ұлттық қордан 2 529,3 млн. теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Сырым аудандарында жалпы ұзындығы 185,7 км сумен жабдықтау және 28,8 км жылу желілерін қайта құру бойынша тоғыз жобаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 2 529,3 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы мемлекеттік бағдарламалардың және саладағы жұмыстардың орындалу барысы туралы сұхбат берген БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттік несиелеу тетігі арқылы Ұлттық қор қаржысы есебінен Орал мен Ақсай қалалары бойынша жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта құру бойынша он жобаға 2 554,3 млн. теңге жұмсалды. Осы қаражатқа Оралда 9,77 км сумен жабдықтау, 1,45 км жылу және 4,1 км су бұру желілері қайта құрылды. Соның нәтижесінде облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуы 52,7 пайыздан 52,4 пайызға, сумен жабдықтау желілері бойынша 67,6 пайыздан 63,6 пайызға, су бұру желілерінің ескіруі 66,6 пайыздан 63,5 пайызға төмендеді. Оған қоса Ақсай қаласында 649,1 млн. теңгеге ұзындығы 2,71 км Бестау бас тоғанын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес өткен жылы басталған жөндеу жұмыстарын 2017 жылдың қазан айында аяқтау көзделуде. Өткен жылы аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 223 адам жұмыспен қамтылды.

Сол секілді «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы ҚР Үкіметінің арнайы резервінен 52 нысанды ағымдағы жөндеуге және елді мекендерді абаттандыруға 206,6 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 179 адам жұмыспен қамтылса, соның 109-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданды.

- Ғалым Ғұбашұлы, өңірде қыс қалай өтуде, оған әзірлік жұмыстары қалай болып еді?

- Облыста 2016-2017 жылғы жылыту маусымы қалыпты өтуде деп айта аламын. Бұған өңірдегі тыңғылықты дайындық ықпал етті деуге болады. БҚО әкімдігінің 2016 жылғы 20 мамырдағы №155 қаулысына және бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес уақтылы басталған әзірлік жұмыстарын жүргізуге барлығы 6,9 млрд. теңге қарастырылды. Жылыту маусымына 100 Гкал/сағатқа дейінгі жылу қазандықтарының отынға қажеттілігі 323,4 млн. теңгені (4,4 мың тонна көмір және 1,4 мың тонна сұйық отын) құрады. Жылыту маусымына дайындық кезінде республикалық бюджет және коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 12,5 км жылу, 18,9 км сумен жабдықтау, 18,9 км кәріз, 666 км электр (0,4 кВ) желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда «Жайықжылуқуат» АҚ-ның резервтік қорында 3025 тонна мазут бар.

Коммуналдық желілерде орын алған технологиялық бұзылыстар нормативпен белгіленген мерзімде жойылуда.

- Өңірдегі маңызды саланы бірі электр энергетикасы екендігі белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

- Облыста электр қуатын өндірумен бірнеше кәсіпорын айналысады. Атап айтқанда, «Жайықжылуқуат» АҚ (Орал жылу-қуат орталығы, қуаттылығы 30 МВт, «Hitachi» H-25 газтурбиналы қондырғысы, 28,5 МВт), «ҚПО б.в.» газ турбиналы электр стансасы (160 МВт), «Орал газтурбиналы электр стансасы» ЖШС (54 МВт), «Жайықмұнай» ЖШС (16 МВт) бұрыннан болса, «Батыс Пауэр» ЖШС өткен жылғы сәуірде жалпы қуаты 200 МВт Орал газтурбиналы электр стансасының бірінші кезегін (100 МВт) іске қосты. Осылайша облыс толықтай энергетика тәуелсіздігіне қол жеткізді. Алдағы уақытта «Батыс Пауэр» ЖШС-ның өз өнімін Қазақстанның басқа өңірлеріне және экспортқа шығаруына мүмкіндігі бар.

Ресей Федерациясынан шағын көлемде электр қуатының алыну себебі, шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының бірнеше елді мекендері ресейлік көздерден жеткізілетін өніммен қамтамасыз етіледі. Өйткені ол елді мекендерге өз электр қуатымызды қолда бар желілер арқылы жеткізуге техникалық мүмкіндік жоқ.

Айта кетейік, өткен жылы облыс кәсіпорындары 1735,98 млн. кВт/сағат электр қуатын өндірді, бұл 2015 жылғыдан (1576,3 млн. кВт/сағат) 8,9 пайызға көп. 2016 жылы электр қуатын жалпы тұтыну көлемі 1845,3 млн. кВт/сағатты (2015 жылы - 1843,4 млн. кВт/сағат) құраса, соның ішінде 49,6 млн. кВт/сағат «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-дан, 59,7 млн. кВт/сағат Ресейден алынды. Көрші мемлекеттен алынған импорт 3,2 пайызды ғана құрады.