ОРАЛ. ҚазАқпарат - Президент Әкімшілігінің және Теректі ауданы мәслихаты депутаттарының келісіміне сәйкес ротациялау бойынша өңір басшысы Алтай Көлгіновтің өкімімен Кәрім Кәримоллаұлы Жақыпов Теректі ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бүгін облыс әкімі Кәрім Жақыповты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, Елбасы тапсырмаларына сәйкес міндеттерді атқаруда табыс тіледі.
К.К.Жақыпов 1976 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 1997 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін агроном, 2011 жылы Қазақстан мемлекеттік заң университетінің БҚО бойынша филиалын заңгер мамандығы бойынша бітірген.
1998 жылы «Желаев астық өнімдері комбинатында» еңбек жолын бастаған ол содан кейін 1999-2009 жылдары Орал және Ақсай қалаларындағы компанияларда менеджер, директордың орынбасары, директоры қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары Теректі ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2013 жылдары БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы, 2013 жылдан бері Зеленов ауданының әкімі болды.
Айта кетейік, осыған дейін Теректі ауданын басқарған Мұрат Мұқаев бүгін Орал қаласының әкімі болып ауысты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).