БҚО-да төтенше жағдайлардың алдын алуға және зардаптарын жоюға 500 миллионнан астам теңге жұмсалды

ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы төтенше жағдайлардың алдын алуға және зардаптарын жоюға 500 миллионнан астам теңге бөлінді. Облыс аумағында ірі апаттарға жол берілген жоқ. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссия мәжілісінде айтылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, сонымен бірге өткен жылы өңірде 892 төтенше жағдай фактісі тіркелді, бұл алдыңғы жылғыдан 9,2 пайызға артық, соның салдарынан 145 адам зардап шекті (2009 жылғыдан 20,3 пайызға кем). Керісінше 97 адам қаза тапты, бұл алдыңғы жылғыдан 6,6 пайызға көп.

Жыл ішінде 767 өндірістік және тұрмыстық өрт тіркеліп, соның салдарынан 30 адам зардап шексе, 21-і қаза тапты. Өрттен келген шығын 382,7 млн. теңгені құрады. 2009 жылмен салыстырғанда өрт - 5,5, зардап шеккендер - 11, қаза тапқандар - 16,7, материалдық шығын 7 пайызға көбейіп кетті.