ОРАЛ. ҚазАқпарат - 18 қараша күні сағат 10.02 шамасында Ақжайық ауданы Бударин ауылынан 3 шақырымдай жерде, Орал-Атырау күре жолының 90-шы шақырымында «УАЗ-39035330» автокөлігінің 43 жасар жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы келе жатқан «Газель-33021» автокөлігімен соқтығысуға жол берген.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Газель-33021» автокөлігінің 36 жасар жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
«УАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы және «Газель-33021» автокөлігінде отырған бір адам бастапқы медициналық көмекке жүгінген.
«УАЗ» автокөлігінің тағы екі жолаушысы Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (жол ережесін бұзу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
БҚО ТЖ департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Максим Хайрекеновтің айтуынша, «УАЗ» автокөлігінде аталған департамент қызметкерлері отырған. Олар Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарына қызмет бабымен іссапарға шыққан еді. Қазіргі кезде БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Жарқын Фазылов пен азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, полковник Замир Бердашев облыстық ауруханада жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).