ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі инспекторларымен бірлесе отырып, 17 қыркүйек күні кешкісін жедел іздестіру шаралары барысында Қараоба ауылында заңсыз киік аулаған 1977 жылғы екі тұрғынды ұстады.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олардың біреуі ішкі істер органында есепте тұрады, екеуі де - осы ауданның тұрғындары. Тексеру кезінде «ВАЗ-2109» автокөлігінің ішінен 16 калибрлі қос ұңғылы «ТОЗ» аңшы мылтығы, 4 оқ-дәрі және атып алынған киіктің төшкесі табылып, тәркіленді.
Аталған азаматтарға қатысты ҚР ҚК 337-бабы 1-бөлімі бойынша (заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, киік Батыс Қазақстан облысында негізінен Қазталов және Жәнібек аудандарын мекендейді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).